Допты хоккей: «Ақжайық» тартысты ойында «Черемшанға» есе жіберді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының финалдық турнирінде кеше Оралдың «Ақжайығы» Ульяновск қаласында Димитровградтың «Черемшан» командасымен күш сынасты.

Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, аса тартысты өткен матч 9:8 есебімен айдын иелері болып есептелетін «Черемшанның» пайдасына аяқталды. Бұл кездесуде «Ақжайық» құрамында Максим Өтебалиев үш доптың авторы атанса, Еламан Әліпқалиев, Максим Пьянов, Ескендір Нұғманов, Сергей Башаев, Павел Чебаков бір-бірден гол соқты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдықтар бірінші ойында «Мурман» (Мурманск) командасынан ірі есеппен (1:13) ойсырай ұтылып қалған болатын. Енді «Ақжайық» алдағы үш күнде «Саяны-Хакасия» (Абакан), «Никельщик» (Верхний Уфалей) және «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командаларымен айдынға шығады. Финалдық турнирде бірінші және екінші орынды иеленген командалар Ресей чемпионатының суперлигасына жолдама алады.