ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Знамя-Удмуртия» командасымен екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жолы 12-минутта қонақтардан Александр Казаев есеп ашты.
Екінші таймда Андрей Киселев 2:0-ге жеткізді.
Дегенмен 59-минутта «Ақжайық» капитаны Максим Өтебалиев, 67-минутта ресейлік легионер Максим Пахомов мергендік танытты. Екі минуттан соң М.Өтебалиев жеңіс голын соқты - 3:2. 87-минутта М.Пахомов 12 метрлік айып добын дәл орындай алмады.
Осы ойыннан кейін 15 ұпай жинаған оралдық клуб үшінші топта 3-сатыға көтерілді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін 26-27 желтоқсанда «Кировец» (Уфа) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» көш басындағы команданы ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).