ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Сыктывкар қаласында өтіп жатқан финалдық турнирде Оралдың «Ақжайығы» алғашқы ойынында «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, оралдықтар бірінші таймда ресейлік легионерлер Артем Недоступов пен Сергей Башаевтың голдарынан кейін әуелі таразы басын теңестіріп, содан кейін 2:1 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты ұстап тұра алмады. Нәтижесінде Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтыратын «Маяк» командасы 5:3 есебімен жеңіске жетті. «Ақжайықтан» тағы бір допты Еламан Әліпқалиев енгізді.
Енді ресейлік маман Владимир Кожевников баптайтын батысқазақстандықтар ертең «Мурман» (Мурманск), 3 наурызда «Строитель» (Сыктывкар), 4-інде «Саяны» (Абакан), 5-інде «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командаларымен кездеседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).