АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ресей Федерациясының Хабаровск қаласында допты хоккейден ХХХV әлем чемпионаты басталады.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстан ұлттық құрамасы «Ерофей» стадионындағы алғашқы кездесуін бүгін әлем чемпиондары - ресейліктермен өткізеді. Содан кейін 30 наурызда дүниежүзілік бендидің тағы бір мықтысы - шведтермен айдынға шығады. Ал 31 наурызда финдермен күш сынасады.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Никишов бастаған мамандар баптайтын ел құрамасының сапында Орал допты хоккейінің түлектері, қақпашы Ілияс Хайрекешев («Универсал», Саратов), қорғаушы Денис Максименко («Старт», Нижний Новгород), шабуылшылар Рауан Исалиев («Сибсельмаш», Новосібір), Ескендір Нұғманов («Ақжайық», Орал), Леонид Бедаревтер («Старт», Нижний Новгород) өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы осыған дейін әлем чемпионатының төрт мәрте қола жүлдегері, 2011 жылы қысқы Азия ойындарының жеңімпазы атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).