ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресейдің Хабаровск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы АҚШ командасын 14:1 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бұл ойында команда капитаны Рауан Исалиев төрт голдың авторы атанды. Сондай-ақ қарсыластар қақпасына Виктор Чернышев үш, Евгений Леонов пен Артем Вшивков екі-екіден доп енгізді. Ескендір Нұғманов, Руслан Галяутдинов және Максим Өтебалиев бір реттен көзге түсті. Америкалықтардан Кевин Браун бір ғана голмен жауап қайырды.
Еске сала кетейік, кеше Ильяс Хандаевтың шәкірттері Венгрия құрамасын 29:0 есебімен ұтқан болатын. Онда Рауан Исалиев сегіз гол соққан еді. Ертең қазақстандықтар Германия құрамасымен айдынға шығады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).