ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресейдің Хабаровск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл кездесуде қазақстандықтар Венгрия құрамасын 29:0 есебімен бет қаратпай ұтты.
Әсіресе, Орал допты хоккейінің түлегі, құрама капитаны Рауан Исалиев сегіз голдың авторы атанып, ерекше көзге түсті. Сондай-ақ спорттағы жолын Оралда бастаған Ескендір Нұғманов, «Ақжайықтан» алынған Максим Өтебалиев пен Сұлтан Қадыржанов та айдыннан құр кеткен жоқ.
Ресейлік маман Ильяс Хандаев жаттықтыратын қазақстандықтар ертең АҚШ құрамасымен кездеседі.
Еске сала кетейік, 38-інші әлем чемпионаты 4 ақпан күні мәреге жетеді. Қазақстан құрамасы бұған дейін алты мәрте қола жүлдегер атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).