ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Ресейдің Ульяновск қаласында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 17 жасқа дейінгілер арасындағы дүниежүзілік додада қазақстандықтар жартылай финалда әлемдегі мықтылардың бірі - Швеция құрамасына 0:6 есебімен есе жіберді.
Қола жүлде үшін бәсекеде бүгін Данияр Молдашев жаттықтыратын қазақстандықтар Финляндия құрамасымен айдынға шықты. Бұл ойында қазақстандықтар финдерді бет қаратпай, 5:1 есебімен ұтты. Әсіресе, Дәурен Оралов төрт бірдей голдың авторы атанып, айрықша көзге түсті. Тағы бір допты Ершат Амангелдиев соқса, бұған финдерден Кевин Ларссон жалғыз голмен жауап қайырды.
Алтын жүлде үшін финалда Ресей мен Швеция құрамалары таласады.
Айта кетейік, Қазақстан командасы «Ақжайықтың» жасөспірім ойыншыларынан құралды. Бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 1998 жылы Оралда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған еді. Осы үздік жетістік жиырма жылдан кейін қайталанып отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).