ОРАЛ. ҚазАқпарат - Иркутск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының ширек финалда АҚШ-пен кездесетіні белгілі болды.
Bandivesti.ru сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бүгін Алексей Никишов бастаған мамандар жаттықтыратын қазақстандықтар өздерінің сыралғы қарсыластары фин құрамасын 7:3 есебімен ұтты. Бұл ойында біздің құрамадан Дмитрий Завидовский, Александр Насонов, Сергей Почкунов сынды ойыншыларымыз доп соғып, көзге түсті. Кездесу нүктесін команда капитаны, Орал допты хоккейінің түлегі Рауан Исалиев қойды.
Сөйтіп, қазақстандықтар «А» тобында үшінші орынды иеленді. Екінші топта АҚШ пен Норвегия тең ойнағанымен, американдықтар пенальтиден есе жіберді. Сонымен, ертең қазақстандық құрама жартылай финалға шығу үшін АҚШ құрамасымен күш сынасады, финдер норвегтермен кездеседі. Қалған ширек финалдың екі жұбы Ресей мен Швеция құрамалары кездесуінен кейін анықталады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).