ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасындағы бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымдағы алғашқы матчын Верхний Уфалейде «Никельщик» клубымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу аса тартысты өтті.
Бірінші таймда айдын иелерінен 30-минутта Антон Пономарев есеп ашқанымен, 43-минутта «Ақжайық» құрамындағы ресейлік легионер Максим Пахомов таразы басын теңестірді.
Ойынның екінші кезеңінде тағы бір ресейлік Сергей Башаев (60-минут) оралдықтарды алға шығарды. Алайда 70-минутта қонақтар қақпасына белгіленген 12 метрлік айып добын Александр Бескровный дәл орындады. 87-минутта «Ақжайық» қақпашысы Вячеслав Горчаков тағы бір пенальтиді қайтарғанымен, Дмитрий Шадрин жеңіс голын соғып кетті.
Осылайша «Никельщик» командасы 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Ресейлік төрешілер қонақтарды 80 минуттық айып уақытымен жазалап, тіпті 85-минутта оралдық қорғаушы Илья Глуховқа қызыл қағаз көрсетіп, айдыннан қуды.
Командалар ертең екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» құрамында бірқатар өзгерістер болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).