ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» кезекті ойынын Воткинскіде «Знамя-Удмуртия» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл Николай Шавалдин жаттықтыратын оралдықтардың осы маусымдағы сырт айдындағы соңғы ойыны еді.
Екінші топта көш бастап келе жатқан «Знамя-Удмуртия» біршама тартысты өткен матчта 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Швециядағы әлем біріншілігінен кейін Қазан мен Воткинскіде төрт ойын өткізген «Ақжайық» енді Оралға оралады.
Қазіргі кезде 18 ұпаймен өз тобында небәрі алтыншы орында тұрған батысқазақстандықтар қалған кездесулерін өз айдынында өткізеді. Яғни 12-13 ақпанда Екатеринбургтің «СКСО СКА-Свердловск», 16-17 ақпанда Краснотурьинскінің «Маяк», 20-21 ақпанда Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасын қабылдайды. Демек, ұпай қорын толықтыруға мүмкіндік бар.
Алдағы наурыз айында дені «Ақжайық» хоккейшілерінен құралған қазақстандықтар Ресейдің Красноярск қаласында өтетін дүниежүзілік универсиадаға да қатысады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» тағы да ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).