ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» кеше Краснотурьинскінің «Маяк» командасын қабылдап, 7:2 есебімен жеңіске жетті.
Бұл кездесуде «Ақжайық» құрамында өнер көрсететін ресейлік хоккейшілер Максим Пьянов бес, Сергей Башаев екі доп соғып, мергендік танытты. Сөйтіп С.Башаев осы маусымда соққан гол санын 32-ге, М.Пьянов 20-ға жеткізді.
Мұның алдында оралдықтар өз айдынында Воткинскінің «Знамя-Удмуртия» командасын екі мәрте ірі есеппен ұтқан болатын.
Кешегі ойында 9 қаңтар күні Саратовта жергілікті «Универсалмен» өткен матчта жарақат алып, допты хоккейден әлем чемпионатына қатыса алмай қалған Қазақстан құрамасының мүшесі, «Ақжайықтың» капитаны Ескендір Нұғмановтың айдынға қайтадан шыққанын айта кетейік.
Бүгін аталған командалар екінші кездесуін өткізеді.
Екінші топта 25 ойыннан кейін 32 ұпай жинаған «Ақжайық» алтыншы орында келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).