ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың кезекті ойынында «Ақжайық» «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екінші топта әзірге «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасы 18 ұпаймен көш бастаса, «Знамя-Удмуртияның» одан бір ғана ұпайы кем-ді. Оның үстіне «Никельщик» екі матчты артық өткізген.
«Жастар» стадионында өткен кездесуде оралдықтар қарсыласына дес берген жоқ. Бұл жолы Хромтау допты хоккейінің түлегі, 19 жасар шабуылшы Азат Бектұрған ерекше көзге түсті. Ол 3-минутта-ақ мергендік танытса, 55-минутта есепті еселеді. Бұдан кейін ресейлік легионерлер Сергей Пантеев (71-минут) пен Максим Пахомов (78-минут) қанжығасын майлады.
Осылайша оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Ертең қос команда екінші ойынын өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Динамо Қазан-2» командасын екінші кездесуінде де ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).