ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» 21 ақпан күні Краснотурьинскінің «Маяк» командасымен екінші ойында да 6:3 есебімен қарсыласын тізе бүктірді.
Кешегі кездесуге қарағанда, бұл матч тартысты өрбіді. Тіпті қонақтар 3:3 етіп, есепті теңестіре алды, бірақ одан әріге шамасы жетпеді. «Ақжайықтан» ресейлік легионер Максим Пьянов қос доптың авторы атанса, команда капитаны Ескендір Нұғманов, Максим Өтебалиев, Самат Аманшин бір-бірден гол соқты. Тағы бір ресейлік Сергей Башаев соңғы голдың авторы атанғанымен, 77-минутта 12 метрлік айып добы белгіленгенде, қақпашыдан айласын асыра алмады.
Осы кездесуден кейін 26 ойында 35 ұпай жинаған «Ақжайық» бесінші орынға көтерілді. 24-25 ақпан күндері Дмитрий Иванниковтің шәкірттері маусымдағы соңғы кездесулерін өз айдынында Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасымен өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).