ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» кезекті ойындарын Верхний Уфалейде жергілікті «Никельщик» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, тартысты өткен бірінші кездесуде оралдықтар айдын иелеріне 5:6 есебімен есе жіберді. Бұл ойында «Ақжайықтан» ресейлік шабуылшы Сергей Башаев хет-триктің авторы атанса, Петр Грибанов пен Самат Аманшин бір-бірден гол соқты.
Екінші мачта қарсыластар 5:5 есебімен тең тарқасты. Бұл ойында С.Аманшин есеп ашса, одан кейін кездесу барысында С.Башаев «Никельщиктің» кақпасына төрт бірдей доп енгізіп, тағы да мергендігімен көзге түсті. Сөйтіп ол биылғы маусымда соққан гол санын қазірдің өзінде 17-ге жеткізді.
Екінші топта 7 ұпаймен төртінші орында келе жатқан «Ақжайық» келесі ойындарын 13-14 желтоқсан күндері Воткинскіде «Знамя-Удмуртия» командасымен өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).