ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» Орынбордың «Локомотивімен» өткен өз айдынындағы екі кездесуінде де жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Кеше «Стеновик» стадионында ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар өзінің басты қарсыластарының бірін бет қаратпай, 7:1 есебімен ұтты. Бұл ойында команданың сұрмергені, ресейлік Сергей Башаев төрт доптың авторы атанды. Тағы бір ресейлік Сергей Гаврилов «Локомотив» қақпасына екі гол салса, команда капитаны Максим Өтебалиев те айдыннан құр кеткен жоқ.
Кешегі матчқа қарағанда, бүгінгі бәсеке әлдеқайда шиеленісті болды. Дегенмен «Ақжайық» 4:3 есебімен таразы басын өздеріне аудара білді.
Сөйтіп 22 ұпай жинаған батысқазақстандықтар турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Олар келесі кездесулерін 18-19 қаңтарда өз айдынында екінші топта 36 ұпаймен жекедара көш бастап келе атқан Краснотурьинскінің «Маягымен» өткізеді. Бір қызығы, «Маякты» Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтырады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).