АСТАНА. ҚазАқпарат - 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні Орал қаласында допты хоккейден жаңа маусымның беті ашылып, Ресей чемпионаты жоғары лигасында ойнайтын жергілікті «Ақжайық» Воткинскінің «Знамя-Удмуртия» командасын қабылдады.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, өз айдынындағы алғашқы матчта батысқазақстандықтар 5:2 есебімен басым түсті. Қазақстан ұлттық құрамасына алынып жүрген «Ақжайықтың» көшін бастаушылардың бірі Ескендір Нұғманов бұл кездесуде қарсыластар қақпасына екі доп енгізсе, Павел Чебаков, Арыстан Қазыбаев, Петр Грибанов бір-бір голдың авторы атанды. Оған қоса 65-минутта Е.Нұғманов 12 метрлік айып добын енгізе алмады.
17 желтоқсан күні аталған командалар екінші кездесуін өткізеді. «Ақжайық» екінші топта жеті ойыннан кейін осыншама ұпаймен әзірге соңғы, сегізінші орында келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).