ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сенбі күні допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» «Стеновик» стадионында Екатеринбургтың «СКА-Свердловск» командасын қабылдап, 4:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ойынның 14-минутында оралдық Петр Грибанов есеп ашса, екінші таймда ресейлік легионер Сергей Гаврилов 2:0-ге жеткізді. Бұдан кейін қонақтардың капитаны Сергей Алексейкин есепті қысқартқанымен, «Ақжайықтың» сұрмергені Сергей Башаев екі голдың авторы атанды. Меймандардың (Евгений Быков) ойын соңына таман есепті қысқартуға ғана шамасы келді.
Жексенбі күні қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Осымен өз айдынында жетінші мәрте қатарынан жеңіске жеткен «Ақжайық» 31 ұпаймен бұрынғысынша өз тобында екінші орында келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).