ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» кеше Екатеринбургте жергілікті «СКА-Свердловск» командасымен айдынға шығып, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, батысқазақстандықтар бірінші таймда 4:1 есебімен алда тұрған болатын. Матчтың екінші кезеңінде айдын иелері барын салғанымен, тең ойынға да қол жеткізе алмады. «Ақжайықтың» құрамындағы ресейлік легионерлер Максим Пьянов пен Сергей Башаев қос-қостан доп соқса, Орал допты хоккейінің түлектері Самат Аманшин мен Ескендір Нұғманов та айдыннан құр кетпеді.
Бұл - Дмитрий Иванников жаттықтыратын «Ақжайықтың» жаңа маусымдағы қатарынан екінші жеңісі. Бүгін аталған командалар екінші кездесуін өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).