Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» сырт алаңда жеңіліс тапты
10:11, 09 Ақпан 2017
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» кезекті кездесуін Қазанда жергілікті «Динамо-Қазан-2» командасымен өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, аталмыш матчта айдын иелері 6:1 есебімен жеңіске жетті. Меймандардан жалғыз допты ресейлік легионер Сергей Башаев соқты. Оның еншісінде барлығы 47 гол бар.
Бүгін қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Осы ойыннан кейін 34 ұпайы бар «Ақжайық» турнир кестесінде үшінші орынға сырғыды. Екінші топта «Маяк» (Краснотурьинск) 41 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келе жатса, «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) 36 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, әр топтан үздік үш команда финалдық сайыстарға қатысады.