ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Сыктывкар қаласында өтіп жатқан финалдық турнирде Оралдың «Ақжайығы» сәтсіз өнер көрсетуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл жолы оралдықтар айдын иелері «Строитель» командасына төтеп бере алмай, 3:7 есебімен жеңіліс тапты. Батысқазақстандықтардан команда капитаны Максим Өтебалиев қос доптың авторы атанса, тағы бір голды оның аттасы, ресейлік легионер Максим Никишов соқты.
Осыған дейін Краснотурьинскінің «Маягынан» 3:5, Мурманскінің «Мурман» командасынан 0:7 есебімен ұтылған «Ақжайықтың» енді екі-ақ ойыны қалды. Олар сенбі күні «Саяны» (Абакан), жексенбіде «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) клубтарымен күш сынасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).