АСТАНА. ҚазАқпарат - Швецияның Венерсборг қаласында допты хоккейден мәреге жеткен әлем чемпионатында Ресей мен Швеция құрамалары финалда кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің ең таңдаулы командалары алтын жүлдені сарапқа салған матч аса тартысты өтті.
Кездесу барысында ресейліктер 2:4. 3:5 есебімен ұтылып жатты. Міне, осындай сәттерде Ресей құрамасы шеберлік танытып, екі мәрте бұрыштамадан берілген допты голға айналдыра алды. Сөйтіп бәсеке аяқталуға санаулы минуттар қалғанда, есепті теңестіріп кетті.
Қосымша уақытта Алмаз Миргазов жеңіс голын соқты - 6:5. Бұл оның финалдық кездесудегі үшінші добы еді.
Осылайша ресейліктер чемпион атанып, шведтер күміс жүлдені қанағат тұтты.
Келесі жылы дүниежүзілік дода Ресейдің Иркутск қаласында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтардың қола жүлде үшін бәсекеде финдерге есе жіберіп, төртінші орынға табан тірегенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).