ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында Воткинскіде жергілікті «Знамя-Удмуртия» Оралдың «Ақжайығымен» екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тартысты өткен ойында бірінші таймда қарсыластар тең түсті – 2:2.
Екінші кезеңде айдын иелері жауапсыз екі доп соқты. Қорытынды есеп – 4:2, «Знамя-Удмуртияның» пайдасында.
«Ақжайық» сапында ресейлік легионер Александр Слугин мен Орал допты хоккейінің түлегі Ершат Амангелдиев бір-бір голдан өз есептеріне жазды. Воткинск командасынан Роман Фролов төрт голдың авторы атанды.
Кеше бірінші бәсекеде қос команда 6:6 есебімен тең тарқасқан еді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін 14-15 ақпанда Краснотурьинскіде «Маякпен» өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» «Знамя-Удмуртия» командасымен тең ойнағанын жазған едік.
Ашық көздерден алынған фото
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).