ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден Ресей чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Маяк» (Краснотурьинск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұның алдында 20-21 желтоқсан күндері «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасымен өтуі тиіс аталған клубтың келмей қалуына байланысты болмаған еді. Сондықтан бұл Николай Шавалдин шәкірттерінің жаңа маусымдағы «Жастар» стадионындағы беташар ойыны еді.
Оралдықтар матчты сәтті бастап, сол қарқынынан айныған жоқ. Команданың сұрмергені Максим Пахомов бес голдың авторы атанды.
Александр Слугин екі доп соқса, Артем Лапшин бір рет мергендік танытты. Бұлардың үшеуі де ресейлік легионерлер еді.
Осылайша, «Ақжайық» 8:1 есебімен жеңіске жетті.
Қос команда 25 желтоқсан күні қарымта кездесуін өткізеді.
Үшінші топта оралдықтар үш ойыннан кейін 6 ұпай жинап, әзірге төртінші орында келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).