ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» «СКА-Свердловск» (Свердлов облысы) клубын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жастар» стадионындағы матч аса тартысты өтті.
Бірінші таймда «Ақжайық» 3:2 есебімен алда тұрды. Алайда екінші кезеңде қонақтар күш алып кетті. Қорытынды есеп – 7:5, «СКА-Свердловск» командасының пайдасында.
Айдын иелерінен Ершат Амангелдиев екі рет мергендік танытса, Артем Лапшин, Максим Пахомов, Павел Чебаков бір-бір голдың авторы атанды.
Осы ойыннан кейін 27 ұпай жинаған «СКА-Свердловск» үшінші топта көш басында келеді. 18 ұпайы бар «Ақжайық» төртінші орында.
Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден Оралдың «Ақжайығының» қарсыласына есе жібергенін жазған болатынбыз.
Фото: «Ақжайық» СК
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).