ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымдағы алғашқы ойындарын Орынборда жергілікті «Локомотивпен» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Динамо» стадионында 16 желтоқсан күні өткен тартысты матчта оралдықтар 4:5 есебімен есе жіберді.
Бұл кездесуде «Ақжайық» сапында ресейлік легионерлер Артем Лапшин мен Максим Пахомов, сондай-ақ Орал допты хоккейінің түлектері Петр Грибанов пен Болат Мұхит бір-бір голдан соғып, көзге түсті.
Бүгін өткен екінші ойынды оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері жинақы өткізе білді. М.Пахомов хет-триктің, А.Лапшин қос голдың авторы атанса, Самат Аманшин мен Павел Чебаков бір реттен доп соға алды.
Осылайша, 7:4 есебімен алғашқы жеңісіне қол жеткізген «Ақжайық» келесі кездесулерін 20-21 желтоқсанда өз айдынында «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» допты хоккей клубының жаңа маусымға дайындалып жатырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).