АСТАНА. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Қазақстан құрамасы Швецияның Оби қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында үшінші ойынын Норвегияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А дивизиондағы іріктеу сатысының үшінші ойынында қазақстандық хоккейшілер Норвегияға 1:6 есебімен есе жіберді.
Ел құрамасынан жалғыз голды Денис Максименко өзінің еншісіне жазды.
Қазірге дейін қазақстандық хоккейшілер Финляндияға 1:8 есебімен жол берсе, АҚШ құрамасын 7:2 есебімен тізе бүктірді.
Енді іріктеу сатысында 1 сәуірде Швециямен шеберлік байқасады.
Ойын кестесінде алғашқы екі орын алған құрамалар бас жүлдені сарапқа салса, үшінші-төртінші орындағы құрамалар қола жүлдеге таласады.
Әлем чемпионатында ел құрамасы 2003, 2005, 2012, 2013, 2014, 2015 жылдарда үшінші орын алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.