ОРАЛ. ҚазАқпарат- Швецияның Сандвикен қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін Қазақстан құрамасы ширек финалда норвегтермен айдынға шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, қазақстандықтар бірінші таймда 4:0 есебімен алға шыққанымен, ойынның екінші кезеңінде сол басымдылықты ұстай алмады. Плей-офф бәсекесі 4:4 болып тең аяқталғаннан кейін қосымша уақытта Норвегия құрамасы жеңіс добын соғып кетті. Сөйтіп қазақстандықтар жүлделі орындар үшін таласу құқығынан айырылды.
Биыл әлем біріншілігіне жаңартылған құрамммен барған қазақстандықтар мұның алдында ресейліктерге (2:9), шведтерге (4:8) және финдерге (3:5) есе жіберген болатын.
Қазақстан құрамасының аға бапкері Марат Маңғубаевтың айтуынша, қазақстандықтар енді сенбі күні 5-6-орындар үшін АҚШ құрамасымен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден Қазақстан құрамасы алты мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).