ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда допты хоккейден ҚР ІV қысқы спартакиадасының ойындары мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Айтулы додаға республика өңірлерінен сегіз команда қатысып, бақ сынады.
Жарыс қорытындысында өзгелерден оқ бойы озық өнер көрсеткен БҚО құрамасы жеңімпаз атанды. Ақтөбеліктер екінші, шығысқазақстандықтар үшінші орынға ие болды.
Жекелеген ойыншылар да аталымдар бойынша марапатталды. Батысқазақстандық Нариман Такиров «Үздік қақпашы», солтүстікқазақстандық Александр Годня «Үздік қорғаушы», ақтөбелік Сұлтан Қадыржанов «Үздік жартылай қорғаушы», шығысқазақстандықтар Антон Свешников «Үздік шабуылшы», Евгений Медведев «Үздік мерген» атанды.
Айта кетейік, допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста ойнап жүрген Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымдағы өз айдынындағы алғашқы кездесулерін 23, 24 желтоқсан күндері «Стеновик» сталионында «Динамо-Қазан-2» (Қазан) командасымен өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).