Допты хоккейден финал: «Ақжайық» екінші кездесуінде жеңіліп қалды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Красноярск қаласында Оралдың «Ақжайығы» допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық турнирінде екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандықтар бұл жолы «Енисей-2» командасымен айдынға шықты.

Бірінші таймда қарсыластар тең түсті – 2:2. Алайда екінші таймда айдын иелері айқын басымдылық көрсетті. Сөйтіп 12:5 есебімен жеңіске жетті.

«Ақжайық» сапында ресейлік легионер Сергей Башаев хет-триктің авторы атанса, команда сұрмергені Максим Пахомов екі гол соқты.

9 наурыз күні оралдықтар «Кировец» (Уфа) командасымен шеберлік байқасады. «Ақжайық» үшінші топта бұл клубпен бірге ойнаған болатын. Енді финалдық кезеңде тағы да кездеспекші.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Красноярскіде финалдық турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.