ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Никельщикпен» (Верхний Уфалей) екінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жастар» стадионындағы бұл жолғы кездесу қонақтардың басымдылығымен өтті. Ойын 6:2 есебімен «Никельщиктің» пайдасына шешілді.
«Ақжайық» сапында Самат Аманшин мен Болат Мұхит мергендігімен көзге түсті.
Осылайша, бұған дейін қатарынан алты матчында жеңіске жеткен Николай Шавалдиннің шәкірттері бүгін сүрінді.
«Ақжайық» келесі кездесулерін өз айдынында 1-2 ақпанда үшінші топта көш бастаушы командалардың бірі – «СКА-Свердловск» клубымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» кезекті жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.
Фото: «Ақжайық» СК
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).