ОРАЛ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Допты хоккейден Ресей чемпионаты 1-лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» Самарада ЦСК ВВС командасымен үш кездесу өткізді.
Біріншілік барысында бұл ойынның біреуі Орал қаласында өтуі тиіс болатын. Алайда сол кезде күн жылынып, мұздың еріп кетуіне байланысты матч кейінге қалдырылған еді. Сөйтіп оралдықтар бұл ойынды сырт айдында өткізуге мәжбүр болды. Аталмыш матч 2:4 есебімен самаралықтардың пайдасына шешілді. Келесі кездесуінде «Ақжайық» 7:2 есебімен қарымта қайтарғанымен, соңғы ойында 2:5 есебімен жеңіліс тапты.
Бұл турдан кейін «Ақжайық» «Б» тобында 25 ұпаймен бұрынғысынша екінші орында келеді.
Қазан қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігі мен Алматыдағы қысқы Азия ойындарынан кейін «Ақжайық» чемпионаттағы кездесулерін қайта жалғастырады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).