ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» соңғы ойындарын Первоуральскіде жергілікті «СКА-Свердловск» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеше өткен алғашқы кездесуде айдын иелері 7:6 есебімен басым түсті.
Бұл ойында «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов хет-триктің авторы атанды. Ресейліктер Артем Лапшин мен Александр Слугин, сондай-ақ Орал допты хоккейінің түлегі Дәурен Оралов бір-бірден көзге түсті.
Бүгінгі матчта Николай Шавалдиннің шәкірттері 10:2 есебімен есе қайырды. Бұл жолы А.Слугин қарсыластың қақпасына 4, М.Пахомов 3, А.Лапшин 2 доп енгізді. Тағы бір гол Болат Мұхиттың еншісінде.
Осылайша, оралдықтар 2022-2023 жылғы маусымда үшінші топта төртінші орынмен қорытындылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» көш басындағы командаға жол бергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).