21:22, 19 Ақпан 2023 | GMT +5
Допты хоккейден «Ақжайық» көш басындағы командаға жол берді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» кезекті ойындарын Верхний Уфалейде жергілікті «Никельщикпен» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Никельщик» үшінші топта көш бастап келе жатқан клуб болса, оралдықтар төртінші орында еді.
Кеше бірінші ойында оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері 0:6 есебімен жеңіліп қалды.
Бүгін екінші матч тартыстылау өтіп, «Ақжайық» 2:4 есебімен есе жіберді. Айдын иелерінен Дмитрий Вахрушев төрт голдың авторы атанса, оралдықтардан Дәурен Оралов пен Никита Яров мергендік танытты.
Енді батысқазақстандықтар өз тобындағы соңғы кездесулерін 22-23 ақпанда Первоуральскіде үшінші орындағы «СКА-Свердловск» командасымен өткізеді. Осы екі матчта «Ақжайық» ұтса, үздік үштікке ілігуге мүмкіндіктері бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» сырт айдында «Маякпен» тең ойнағанын жазған болатынбыз.