ОРАЛ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Мәскеу түбіндегі Обуховода допты хоккейден әлем чемпионаты мәреге жетті.
Аталмыш біріншілік барысында Оралдың «Ақжайығы» ойыншыларынан құралған Қазақстан құрамасы Финляндия, Ресей, Швеция құрамаларына ірі есеппен ұтылса, өзінің негізгі қарсыласы норвегиялықтарға 0:1 есебімен жол берді. Бұл ойында команда капитаны Ескендір Нұғманов соққан пенальтиді Норвегия қақпашысы қайтарып, есепті теңестіруге мүмкіндік бермеді. Сөйтіп қазақстандықтар жүлделі орын үшін таласу мүмкіндігінен айрылды.
Чемпионат қорытындысында шведтерді 11:2 есебімен ойсырата ұтқан Ресей құрамасы жеңімпаз атанса, 5:2 есебімен норвегтерді тізе бүктірген финдер қола жүлдені еншіледі.
Өз тұрғыластарымен кездесіп, тәжірибе жинақтаған «Ақжайық» командасы енді допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатының екінші тобындағы ойындарын жалғастырады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).