АСТАНА. ҚазАқпарат – Молдова Президенті Майя Сандудың қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Дорин Речан елдің жаңа премьер-министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.
Дорин Речан 2012-2015 жылдары Молдованың ішкі істер министрлігін басқарған. БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес, үкіметке барғанға дейін Речан TeleMedia Group маркетинг бөлімінің директоры болған. Сондай-ақ, Кәсіпорындарды қайтақұрылымдау мен көмек көрсету агенттігі жобаларының менеджері қызметін атқарды. 2022 жылғы ақпанда Речан мемлекеттік қызметке оралып, мемлекет басшысының кеңесшісі лауазымын атқарып келді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Молдова премьер-министрі Наталья Гаврилица жұма күні қызметінен кететінін мәлімдеген еді. Майя Санду Гаврилица бастаған ел үкіметінің отставкасын қабылдады.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.