Дортикос Шүменовті қағаз жүзінде ғана чемпион деп атап, оны жекпе-жекке шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан біршама уақыт бұрын Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) қаулы қабылдады. Онда WBA (Super) (сонымен қатар IBF) нұсқасы бойынша бірінші ауыр салмақтағы чемпион ресейлік Денис Лебедев 120 күн ішінде WBA (Regular) белдігінің иегері қазақстандық Бейбіт Шүменовпен кездесуі керек деп шешілді.

Одан кейін бұл жекпе-жектің жеңімпазы осы салмақтағы WBA (Interim) чемпионы кубалық Юньер Дортикоспен кездесуі тиіс. Осылайша, WBA жоспарынша, бірінші ауыр салмақта олардың нұсқасы бойынша жалғыз чемпион анықталады. Дортикос осынша көп уақыт күткісі келмегендіктен, қазірден-ақ Шүменовты жекпе-жекке шақыра бастады, деп хабарлады sports.kz.

«Шүменовте не болып жатқанын білмеймін, - деді Дортикос. - Ол Лебедевті жекпе-жекке шақырып, мен туралы ұмытып кетті.  Жұдырықтасқың келе ме? Онда жұдырықтасайық! Кім нағыз чемпион екенін сонда көреміз. Нәтижесінде Шүменов қағаз жүзінде ғана чемпион болып шығады. Ол көп сөйлейді. Менімен кездессе не болатынын жақсы біледі».