«Достық – Мойынты» екінші теміржол желісі жоспардан екі жыл бұрын аяқталды — Руслан Желдібай
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «Достық – Мойынты» теміржол магистралі Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасында теміржолмен жүк тасымалдаудағы жетекші рөлін күшейтетінін айтты.
— Бүгін Мемлекет басшысы «Достық — Мойынты» теміржол магистралінің екіншісі желісін іске қосты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде аталған бағыт бойынша көлік қатынасының басталуын тарихи оқиға деп бағалады.
Шын мәнінде, стратегиялық жобаның сәтті жүзеге асуы ел экономикасына зор серпін береді. Қазақстан Еуразиядағы маңызды көлік-транзит хабы ретіндегі позициясын нығайта түседі, — деді ол.
Жаңа жол Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасында теміржолмен жүк тасымалдаудағы жетекші рөлін күшейтеді.
— Экспорттық тауар жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарады. «Достық — Алашаңқай» шекара өткелі арқылы жүк тасымалының көлемі бес есе өседі. Аталған бағыт бір тәулікте өткізе алатын пойыздар саны 12-ден 60 жұпқа дейін ұлғаяды. Контейнермен жүк тасымалының жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін артады.
Жоба ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қалыптастырудың бастапқы бөлігі ретінде еліміздің транзиттік әлеуетін елеулі түрде нығайтады.
Айта кету керек, жоба ел экономикасына қосымша мультипликативті тұрғыдан әсер етеді. Құрылыс барысында отандық зауыттардан 113 мың тоннадан астам рельс пен 1,6 миллион темір-бетон шпал сатып алынды. Қызметтер мен тауарлардың қазақстандық үлесі 85 пайызға жетті. Ауқымды жобаға 1500-ден аса арнаулы құрылыс техникасы, 3 мың жұмысшы жұмылдырылып, шағын және орта бизнестің 7 мың өкілі атсалысты, — деді Руслан желдібай.
Сауатты жоспарлау мен құрылысшылардың табанды еңбегінің арқасында теміржол желісі белгіленген мерзімінен екі жыл бұрын аяқталды.
— Мемлекет басшысының транзиттік әлеуетімізді кеңейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру жалғасады. Бүгінде бірнеше магистральдің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Бақты — Аягөз, Мойынты — Қызылжар, Алтынкөл — Жетіген жобалары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ ел аумағында үш мың шақырымға жуық теміржол жөнделіп жатыр, — деді ол.
Айта кетелік Мемлекет басшысы «Достық — Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосқан еді.