Достық – Мойынты учаскесінің екінші жолында пойыз қозғалысы іске қосылды
АСТАНА.KAZINFORM - 30 қыркүйекте Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші теміржол жолдарымен пойыз қозғалысы іске қосылды.
Бүгінде пойыздар қалыпты режимде жүріп жатыр. 6 қазан күнгі жағдай бойынша 206 жүк пойызы өткізілді. Оның ішінде жаңа екінші жолдармен 101 жүк пойызы өтті (әр жолмен тәулігіне орта есеппен 20 пойыздан).
Сонымен қатар теміржолды кезең-кезеңімен сынақтан өткізу – технологиялық үдерістің міндетті бөлігі және тасымалданған жүк көлеміне байланысты жүзеге асырылады.
Пойыз қозғалысы осы жылы келесі учаскелер бойынша кезең-кезеңімен іске қосылды:
Мойынты – Балқаш-1 — 29 қаңтардан бастап,
Бескөл – 19-разъезд — 13 наурыздан бастап,
Ақтоғай – Шығыс – Бескөл — 19 маусымнан бастап,
Балқаш-2 – Саяқ — 4 шілдеден бастап,
Саяқ – Ақтоғай — 30 қыркүйектен бастап.
Екінші жолдарды пайдаланумен қозғалыс басталған сәттен бастап 12,6 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда жүк айналымын 42%-ға арттыруға мүмкіндік берді (яғни екінші жолдарды салу басталғанға дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда).
– Қазір жолды тұрақтандыру жұмыстары нормативтік технологияға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл тұрақтандыру 100 мың тонна жүк өткізілгеннен кейін толық аяқталуы тиіс. Осы операциялар аяқталғанға дейін пойыз қозғалысы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін белгіленген жылдамдықпен жүзеге асырылады, - делінген хабарламада.
Нысанда жобалық құжаттама талаптары мен бекітілген кестеге сәйкес әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар учаскелердегі жағдайды объективті бағалау үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ барлық мүдделі БАҚ өкілдерін Мойынты – Достық учаскесі бойынша баспасөз турына қатысуға шақырды.
Айта кетейік, «Астана - Орал» бағытындағы пойызға жаңа вагондар қосылды.