«Достық» үйлері гуманитарлық көмек қабылдау пунктеріне айналды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан 10 мыңға жуық волонтер су тасқынымен күреске атсалысып жатыр. Толығырақ Парламент Сенатының депутаты, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық штабының өкілі Әлішер Сатвалдиев айтып берді.

Фото: Александр Павский / Kazinform

«Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан құрылған республикалық және өңірлік штабтар жұмысын жалғастыруда. «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында барлық өңірдегі «Достық» үйлерінде волонтерлер орталықтары және гуманитарлық көмек қабылдау пункттері қызмет атқаруда. Бүгінде республика бойынша 50-ге жуық пункт болса, Астана қаласында 9 көмек қабылдау пункті бар», - деді Әлішер Сатвалдиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Халық қалаулысының мәлімдеуінше, Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан көмек, қолдауға 10 мыңға жуық волонтер жұмылдырылды. 

«Олар гуманитарлық көмек ретінде келген зат, тауарларды жинап, сұрыптап су басқан өңірлерге жіберу жұмысын атқарып жатыр. Сонымен қатар еріктілер дамбалар құру жұмысына да атсалысуда. Қазіргі уақытта өңірлік этно-мәдени бірлестіктері 227 тоннадан астам азық-түлік пен қажетті заттар су тасқынына ұшыраған өңірлерге жолданды. Жалпы сомасы 276,5 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілді. Одан бөлек, 24 арнайы техника мен 43 жүк көлігі жұмылдырылды. Тасқын судан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмектің соңғы легі Шымкент қаласынан Атырау облысына, Жамбыл облысынан Атырау және Қостанай облысына жөнелтілді. Алдағы уақытта Жамбыл, Түркістан облысы мен Алматы, Шымкент қаласынан Атырау, БҚО және Ақтөбе облысына жиналған көмекті жөнелту үшін даярлық жұмыстары жүріп жатыр», - дейді ол.