Достық үйінде медиация бойынша оқу орталықтарын ашу туралы меморандумға қол қойылды - ШҚО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында облыстық сот пен облыс әкімдігінің бастамасымен Достық үйінде Судьялар одағының ШҚО филиалы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының хатшылығы, құқық қорғау және әділет органдары, білім және денсаулық сақтау басқармалары, «Шаңырақ» медиация орталығының арасында татуластыру шаралары бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумда тараптар медиация институтын одан әрі дамыту жөнінде елеулі шаралар қабылдау қажеттігігін атап көрсеткен.

Меморандумды орындау мақсатында облыстық Достық үйінде «Медиация бойынша оқу орталығы» және «Медиация кабинеті» ашылды.

«Медиация кезінде шешімді медиатор емес, тараптардың өздері қабылдайды. Медиатор тараптармен қалай сөйлесу керектігін және оларды татуласуға шақырудың тәсілдерін біледі. Сондықтан да медиатор - бір жағынан психолог, екінші жағынан заңгер болуы керек», - деді Судьялар одағының облыстық филиалының төрағасы Елдос Жұмақсанов.

Өз сөзінде ШҚО-дағы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы А.Нұрғазиев өз сөзінде Ассамблеясы институты Қазақстандағы қоғамдық және этносаралық қатынас саласындағы басты модератор, негізгі татуластыру функцияларын орындайтын орган ретінде жасалған Меморандум негізінде ағымдағы жылы сәуір айының соңына дейін облыстағы 14 Достық үйінде осындай орталықтар ашылатынын айтты.