Досжан Мусалиев: Мемлекеттік платформаларға интернетсіз кіру мүмкін болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі таңда ел аумағындағы ауылдардың 42 пайызында оптикалық интернет бар. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 92 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының JJ Studio бағдарламасына берген сұхбатында ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев айтты.

Фото: Видеодан алынған скрин

Кезекті Мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленіп жатыр. Құжатта барлығы 116 түзету қарастырылды, оның 90-ға жуығы жұмыс тобы аясында депутаттармен мақұлданған.

– Заң жобасы негізінен үш бағыттан тұрады. Біріншісі – байланыс сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Екіншісі – телекоммуникация саласын дамыту. Үшіншісі – телекоммуникация саласын қорғау және азаматтарды алаяқтықтан сақтау шаралары. Алаяқтықтың алдын алу мақсатында жаңа нормалар енгізіліп отыр. Соған сәйкес, заңды тұлғалар азаматтарға қоңырау шалған кезде олардың телефон нөмірлері міндетті түрде таңбалануы, яғни маркировкалануы тиіс, – деді Досжан Мусалиев.

Оның айтуынша, биыл республикалық маңызы бар автожолдар мобильді интернетпен, ал пойыздар мен ұшақтар спутниктік интернетпен қамтылатын болады.

– Қазақстанда пойыздар мен ұшақтарда интернет қолжетімді болады. Бұл бағытта ең алдымен пойыздар мен ұшақтарды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету көзделіп отыр. «Қазақстан темір жолы» компаниясы барлық пойыздарды интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын осы жылдың екінші жартыжылдығының басына дейін аяқтауы тиіс. Ал жыл соңына дейін елімізге жеткізілетін жаңа ұшақтарда интернет қызметі іске қосылады, – деді ол.

Заң жобасында спутниктік интернетке қатысты жаңа нормалар да қарастырылған. Бұл түзетулер Starlink, Amazon сияқты халықаралық компаниялардың Қазақстан аумағында заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

– Қазір Starlink қызметі кеңінен танылып отыр. Ең алдымен, оны тұрақты елді мекендерде қолдану көзделеді. Біздің ойымызша, бұл – бөлек нарық. Сонымен қатар ол байланыс операторларымен бірге де жұмыс істей алады. Мысалы, шалғай ауылдарға оптикалық кабель тарту қиын болған жағдайда интернетті Starlink арқылы жеткізіп, сол жерде базалық станция орнатып, мобильді интернет таратуға мүмкіндік бар, – деді вице-министр.

Қазіргі таңда кейбір ауылдарда интернет жылдамдығы әлі де 2G және 3G деңгейінде қалып отыр. Алайда вице-министрдің айтуынша, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– 2025 жылы «Қазақтелеком» компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Соған сәйкес, 3 мың ауылдық елді мекенге оптикалық интернет жеткізілуі тиіс. Қазір ауылдардың 42 пайызында оптикалық интернет бар. Қалған елді мекендерде сымды немесе радиоинтернет қолданылып отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 92 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне сәйкес, 2028 жылға дейін барлық ауылдық елді мекендер 4G желісіне толық көшіріледі, – деді ол.

Соңғы үш жылда телекоммуникация саласына тартылған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асыпты. Спикердің сөзінше, аталған қаржы оптикалық желілер тартуға, базалық станциялар орнатуға және байланыс сапасын арттыруға бағытталған.

– Қазақстан аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрғандықтан, бүкіл аумақты интернетпен қамту оңай емес. Оптикалық желі тарту, базалық станциялар орнату және инфрақұрылымды дамыту айтарлықтай қаржыны талап етеді. Бұл бағытта арнайы бағдарламалар іске асырылып жатыр. Бұған дейін ауылдарда 2G желісі болса, кейін ол 3G-ге ауыстырылды. Қазір 3G желісін кезең-кезеңімен 4G және 5G технологияларына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы ірі инвестицияны қажет етеді, – деді вице-министр.

Сонымен қатар мемлекеттік платформаларға интернетсіз қолжетімділік беру мәселесі де қарастырылып жатыр.

– Азаматтар смартфонында теңгерім болмаса да, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік сервистерді пайдалана алады. Атап айтқанда, eGov, Enbek.kz және басқа да мемлекеттік платформаларға тегін кіру мүмкіндігі беріледі, – деді Досжан Мусалиев.

Сондай-ақ заң жобасында деректерді өңдеу орталықтарын стратегиялық нысандар қатарына енгізу ұсынылып отыр. Егер заң жобасы маусым айының соңына дейін Мәжіліс пен Сенатта толық мақұлданса, Үкімет қаулысымен аса маңызды дата-орталықтар арнайы тізімге енгізілмек. Бұл бағыттағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясына сұқбат берген Бауыржан Омарбеков сайлауалды үгіт-насихатта ашықтық пен теңдік күшейтілетінін айтты.