Dota 2: Қазақстандық Rune Eaters ширек финалда бақ сынайды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары — 2026» халықаралық турнирінде Dota 2 дисциплинасы бойынша плей-офф кезеңі қыза түсті. Командалар жүлде қоры 1 миллион АҚШ доллары үшін бақ сынап жатыр.

Фото: Kazinform/ Камила Мүлік

Бүгін турнирдің ширек финалындағы төрт кездесу өтеді. Қазақстан намысын жас киберспортшылардан құралған Rune Eaters командасы қорғайды. Олар жартылай финал жолдамасы үшін әлемге танымал LGD.Pinghu командасымен кездеседі.

Қазақстандық команда плей-оффтың алғашқы кезеңінде Play Time құрамасын 2:0 есебімен сенімді жеңіп, ширек финалға шықты. Енді Rune Eaters үшін турнирдің ең маңызды матчтарының бірі өтпек.

Dota 2 жарысы «Болашақ ойындарының» ең тартысты дисциплиналарының бірі саналады. Турнирге әлемнің үздік командалары қатысып, чемпиондық атақпен қатар қомақты жүлде қорын сарапқа салып жатыр.

Жарыстың шешуші кезеңдері 3-5 тамыз аралығында өтеді. Ал Dota 2 бойынша жеңімпаз команда 5 тамыз күні анықталады.
Турнирге қатысып жатқан шетелдік командалар да жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Филиппиндік киберспортшы, Mavis лақап атымен танымал Брэд Альвизоның айтуынша, Астанадағы дода халықаралық деңгейдегі ірі жарыстардан кем түспейді.

— Бұл жарыстың әзірге алғашқы күні ғана болғандықтан, оны толық бағалау қиын. Бірақ дайындық, ойын кестесі және ұйымдастыру деңгейі халықаралық ірі турнирлерден кем емес. Барлық қызметкерлер бізді өте жылы қарсы алды, бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ал ойынға келсек, алғашқы кезеңдерде басымдық бізде болды. Алайда шешуші сәттерде жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау жағынан тәжірибеміз жетіспеді. Болашақ жарыстарда осы бағытты күшейтуге тырысамыз, — деді филиппиндік ойыншы Брэд Альвизо.