Ширек финалда Team Resilience командасы Xtreme Gaming командасын 2:1 есебімен жеңіп, жарыстың жартылай финалына шықты.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта командалар алғашқы екі ойында бір-бірінен басым түсті. Ал шешуші үшінші ойында Team Resilience қарсыласынан айласын асырып, кездесуді өз пайдасына аяқтады.
Алғашқы ойында Xtreme Gaming сенімді ойын көрсетіп, 30 минут 53 секундта жеңіске жетіп, сериядағы есепті ашты.
Екінші ойын 47 минут 17 секундқа созылды. Бұл жолы Team Resilience ұзаққа созылған командалық жарыста басымдық танытып, есепті теңестірді.
Шешуші үшінші кезеңінде де жарыс жоғары деңгейде өтті. 43 минут 12 секундқа созылған ойында Team Resilience жеңіске жетіп, серияны 2:1 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Айта кетейік, бұған дейін, қазақстандық Rune Eaters командасы да «Болашақ ойындары — 2026» турнирінің Dota 2 дисциплинасы бойынша ширек финалға жолдама алған болатын.