Дрон, бейнекамера, лифт, медициналық жиhаз — Түркістанда қандай кәсіпорындар ашылады

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында шетел капиталының қатысуымен 910 млн АҚШ долларын құрайтын 6 инвестициялық жоба басталды. Бұл туралы өңір әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік-экономикалық даму туралы есептік кездесуінде айтты.

Әкімнің айтуынша, Түркістан облысында алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жоба аясында 308 млрд теңге инвестиция тартылып, 150-ден астам өндірістік ғимарат салынады. Алты мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады және бюджетке жылына миллиардтаған салық түседі.

«Бүгінгі таңда 8 өндіріс іске қосылды. Жаңбырлатып суару қондырғыларын шығаратын кәсіпорындар ашылды. Жиһаз, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар қолданысқа берілді. Бұрын тек шетелден әкелінетін су үнемдеу технологиялары бүгінде Түркістанда шығарылуда. Өндірістік паркте ашылған компаниялардың су үнемдеу технологиялары басқа да облыстарға сатылуда», — деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік брифингте.

Сондай-ақ, облысқа инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Аустралия, Өзбекстан, Қатар және Оңтүстік Корея елдеріне түркістандық кәсіпкерлердің сапары ұйымдастырылып, алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілген. 

Нәтижесінде, шетел капиталының қатысуымен 910 млн АҚШ долларын құрайтын
6 инвестициялық жоба басталды. Атап айтқанда: өнеркәсіптік жылыжай кешені (Келес ауданы, «Ecoculture Eurasia» ЖШС II-кезең); Алюминий бұйымдарын шығару (Ордабасы ауданы, «Central Asia Aluminium»); Өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығару (Сауран ауданы, «UBC Group»); Каустикалық сода, пвх, кальций карбиді, әк-цемент шығаратын зауыт (Түлкібас ауданы, «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС); Фосфорит кендерін өңдеу зауыты (Созақ ауданы, «Созақ фосфат» ЖШС) және мұнай өңдеу зауыты (Ордабасы ауданы, «Standard Petrolleum» ЖШС) ашылмақ.

«Одан бөлек, қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компанияны шақырып, 301 млрд теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойдық. Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды. Түркістандық зауыттар өз елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз етеді», — деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, алдағы уақытта индустриалды аймақтарда тұрмыстық техника, өсімдік майы, газ қондырғылары, лифт құрастыру, әскери палатка, санфаянс, сэндвич панелі және сусындар өндіретін зауыттар ашылады. 

Айта кетейік, облыстағы индустриялық аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында индустриялық аймақтарда электр энергиясы тарифі 47 теңгеден 25 теңгеге дейін арзандатылды.