Дрондарды заңсыз құрастырып, қару ретінде қолданудың жазасы қатаңдатылады

Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың аумағындағы мемлекеттік күзет бақылауына берілген мекемелердің үстінен дрон ұшыруға шектеу енгізудің ережесі әзірленіп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтылған. 

— Қазір құқық қорғау органдары арнайы және өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен ПҰА-ны заңсыз құрастырғаны және қару ретінде қолданғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату бағытында шаралар әзірлеп жатыр. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі ПҰА ұшуын реттеу мен бақылауды қамтамасыз ету үшін UFZ (облыстық және республикалық маңызы бар қалалар аумағының үстінен ПҰА ұшуына арналған арнайы аймақтар) және UARU (мемлекеттік күзетке жататын объектілердің үстінен ҰӘК ұшуын шектеу аймақтары) аймақтарын белгілеу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, — дейді Үкімет басшысы.

Қолданыстағы заңнамада пилотсыз ұшатын аппаратты заңсыз ұшыру арқылы әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзған жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш (39 320 теңге), лауазымды тұлғаларға 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл салынады.

Еске салсақ, маусым айында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейді әбігерге салған пилотсыз ұшатын аппараттар Қазақстан аумағынан ұшырылды дегенге саятын алып-қашпа әңгімелерге жауап берген еді