БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал қаласының жұмыссыз тұрғыны 2025 жылдың күзінде оңай табыс көзін іздеп, Telegram-каналдардың бірінен жұмыс ұсынысын тапқан.
Белгісіз куратор оған ақшалай сыйақы үшін банк шоттарын рәсімдеуге және басқалардың бұған қол жеткізуіне мүмкіндік беруге дайын адамдарды іздеуді ұсынған. Ер адам өз қызметі үшін шоттарға түсетін қаржы сомасының 7 пайызын алуы тиіс болған.
Алынған нұсқауларды орындай отырып, ол сыйақы үшін банк шоттарын ашуға келісетін азаматтарды іздей бастады. Солардың бірі – Орал қаласында тұратын әйелге екінші деңгейлі банктердің бірінде шот рәсімдегені үшін 30 мың теңге ұсынылған.
Ұялы телефонды пайдалана отырып, ер адам әйелге банк шотын тіркеуге және бейнетексеру процедурасынан өтуге көмектесіп, банк қосымшасы мен шот деректемелеріне қол жеткізді. Кейін бұл мәліметтер схеманы ұйымдастырушыға Telegram мессенджері арқылы берілген.
Сол күні ашылған шотқа интернет-алаяқтардың құрбаны болған жәбірленушіден 500 мың теңге түскен. Ер адам алдын ала келісілген 35 мың теңге көлеміндегі сыйақысын өзіне алып қалып, қалған 465 мың теңгені қылмыстық схеманы ұйымдастырушыға береді.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған жазаның бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
– Бұл қылмыстық іс дропперлік деп аталатын әрекетке қатысу табыс табудың зиянсыз тәсілі емес екенін тағы да дәлелдейді. Банк шоттарын, карталарды және мобильді банкингке қолжетімділікті қылмыскерлерге беру интернет-алаяқтықтардың жасалуына септеседі және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Азаматтар банктік картаны рәсімдеп беру немесе өз шоттарына қолжетімділікті ұсыну арқылы оңай ақша табуды уәде ететін ұсыныстардың көбі қылмыстық схемалардың бір бөлігі екенін есте сақтауы қажет. Бұған қатысқан адамдар алған сыйақысының мөлшеріне қарамастан, қылмысқа сыбайлас қатысушы ретінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін, – деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын криптоайырбастау арқылы 155 млн теңге заңсыз табыс тапқан Орал тұрғыны сотталғанын жазған едік.