Друскининкай қаласында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-литва комиссиясының отырысы өтті
Шілденің 1-2-сі күндері өткен келіссөздердегі біздің еліміздің делегациясын Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев, литва тарабын - шаруашылық министрі Дайнюс Крейвис басқарды.
Комиссия отырысы барысында көлік, білім және ғылым, технологиялар және инновациялар, ақпараттық технологиялар, сәйкестікті бағалау, денсаулық сақтау, туризм, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, адал бәсекелестікті қорғау, мемлекеттік қызметті тұтыншылардың құқықтары, мұрағаттар салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алысылды.
Отырыс қорытындысы бойынша екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын айқындайтын хаттамаға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігі мен Литва Республикасы Үкіметінің жанындағы Литва мұрағаттар департаментінің арасында мұрағат ісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Бұдан басқа литва тарапына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Литва Республикасының бәсекелестік жөніндегі кеңесі арасындағы бәсекелестік саясат және монополияға қарсы заңнама саласындағы ынтымақтастық туралы келісім қол қоюға берілді.
Қазақстан-литва үкіметаралық комиссиясының алтыншы отырысына қатысушылар комиссияның тиімді жұмысы екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтықты тереңдете түсетініне сенімдерін білдірді.
Шілденің 1-інде қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының жауапты хатшысы Р.Жошыбаев Друскининкай мэрі Ричардас Малинаускаспен кездесті, оның барысында туризмды дамыту саласындағы қазақстан-литва ынтымақтастығы мәселелері талқыланды. Литва тарабы Друскининкай курорттық-сауықтыру аймағы мен медициналық туризм қызметін ұйымдастыру тәжірибесін ұсынды.