Аппараттық кеңес барысында ведомство басшысы мектеп жасындағы балаларды профилактикалық медициналық тексерудің қолданыстағы моделі жеткілікті деңгейде тиімді еместігін және формалды сипатта қалып отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда басымдық диагностика сапасына емес, сандық көрсеткіштерге беріліп отыр. Қолданыстағы мәселелерді шешу үшін профилактикалық тексерулердің қазіргі моделін өзгерту, нәтижелерді өңдеуге арналған цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ функциялардың бір бөлігін орта буын медицина қызметкерлеріне беру көзделіп отыр.
-Бейінді мамандар тапшылығы мен медицина қызметкерлеріне түсетін жоғары жүктеме бір баланы қарауға бөлінетін уақыттың қысқаруына, үстірт диагностикаға және денсаулықтағы бұзушылықтарды анықтау деңгейінің төмен болуына алып келді. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен мүгедектігі бар балаларды есепке алу мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр», – деді өз баяндамасында Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Балаларды профилактикалық медициналық тексеру жүйесін жетілдіру мақсатында білім беру ұйымдарын цифрлық электрокардиографтармен, пульсоксиметрлермен, бой-өлшеуіш және таразылармен, отоскоптармен, сондай-ақ деректерді автоматты түрде жіберетін телемедициналық кешендермен жабдықтау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта интраоральды камералармен, плантографтармен және авторефрактометрлермен қосымша жарақтандыру көзделген.
Министр балалардың профилактикалық медициналық тексерулерін толық цифрландыруды және барлық деректерді Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне интеграциялауды, сондай-ақ баланың электрондық денсаулық паспортын қалыптастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
- Балалардың денсаулығына қатысты барлық деректер жүйелі түрде жинақталып, талданып және адам өмірінің барлық кезеңінде сүйемелденуі тиіс. Бұл бақылаудың сабақтастығын қамтамасыз етіп, ауруларды ерте анықтаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомство басшысы.
А. Әлназарова 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептерінде профилактикалық тексерулер мен мектеп медицинасының жаңартылған форматын кезең-кезеңімен енгізуді бастау жөнінде тапсырма берді.
Осыған дейін денсаулық сақтау министрлігінің балалар лагерьлерін «кенеттен тексеру» форматына көшетіні туралы жаздық.