ДСМ елдегі коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдайды баяндады

Фото: Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елдегі сырқаттанушылық пен әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға апта сайын мониторинг жүргізуді жалғастырып келеді.

— 2025 жылдың басынан бері жалпы 329 расталған жағдай тіркелді, қайтыс болу жағдайлары тіркелген жоқ. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 3,7 есеге азайған. Республика бойынша аптасына 25 жағдайға дейін тіркеліп жатыр. Инфекциялық төсектердің жүктемесі — 27%, реанимациялық төсек-орындар — 2%, сондай-ақ стационарларда коронавирус инфекциясымен 2 науқас ем қабылдап жатыр, жағдайы — орташа ауырлықта, — делінген ведомство хабарламасында.

Әлемдегі жағдай сияқты, Қазақстанда да 2022 жылы алғаш анықталған Омикрон нұсқасының штамдары айналымда жүр. 

— Омикрон нұсқасы 30-дан астам мутацияны қамтиды және аурудың жеңіл өтуімен сипатталады, сондықтан стационарлық емдеуді қажет етпейді. Аурудың негізгі симптомдары — жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануы, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы, жөтел, — деп түсіндірді министрлік.

Басқа елдерде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі келесілерді ұсынады:

• жіті респираторлық инфекциямен ауыратын адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу;

• қолды, әсіресе науқас немесе олардың айналасындағы адамдармен тікелей байланыстан кейін жиі жуу;

• үй-жайларды тұрақты түрде желдету;

• ауру симптомдары байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну.

Осыдан бұрын Дональд Трамп әкімшілігі Ақ үй сайтында коронавирус індетінің шынайы шығу тегіне арналған арнайы веб-парақша ашқанын жазғанбыз.