ДСМ Рудный қалалық ауруханасына жоспардан тыс тексеру жүргізбек

Фото: ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті блогер Татьяна Турлай жариялаған фактілерге байланысты «Рудный қалалық көпбейінді ауруханасы» КМК-ға қатысты жоспардан тыс тексеру басталғанын хабарлайды.

Блогер Рудный қалалық ауруханасының терапиялық бөліміндегі жағдайға назар аударуды сұраған еді. Сөзінше, анасы сол жерде үш аптадан бері ем қабылдап жатыр.

— Сол уақыт ішінде мен күн сайын ауруханаға барып, медициналық персонал мен науқастармен сөйлесіп, алаңдатарлық көріністі байқадым: бөлімде қарапайым медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер жетіспейді — физикалық ертінді, бинт, тамшылатқыш жүйелер, дәрі-дәрмектер жоқ. Кейбір медбикелер қажетті құралдарды үйден әкеледі, ал науқастар кей дәрілерді өздері сатып алуға мәжбүр. Мұндай жағдай базалық стационарлық көмек көрсететін бөлімде болып жатқаны ерекше алаңдатады… Мен Рудный қалалық ауруханасының қамтамасыз етілуін тексеріп, науқастарға қажетті деңгейде медициналық көмек көрсету үшін шара қабылдауды сұраймын, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Комитет медициналық ұйымның қызметіне аудит жүргізіп, дәрілік препараттармен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін тексереді.

— Аталған жағдай ведомство басшылығының жеке бақылауында. Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша қазіргі уақытта аурухананың бөлімшелері медициналық көмек көрсету үшін жеткілікті көлемде қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген. Тексеру қорытындысы бойынша халыққа сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында комитет тиісті шаралар қабылдайтын болады, — делінген комитет таратқан ақпаратта.

Осыдан бұрын Қазақстанда орфандық (сирек кездесетін) ауруы бар науқастардың ем алу мүмкіндігі қиындап бара жатқанын жазғанбыз. Бір ғана жүйке-бұлшықет диагноздары бойынша тіркелген пациенттердің саны шамамен 700 адам.